Үздік 10 арна

Өткен апта бойынша үздік арналар ондығында айтарлықтай өзгеріс байқалмайды. Айта кетерлігі Kazsport арнасы Balapan арнасын ығыстырып 8-ші орынға ие болды. Бұған әрине футболдан UEFA Euro 2024 Кубогының көрсетілімі сеп болғанын тайға таңба басқандай аңғаруға болады. Ал басқа телевизиялық арналар өз позицияларында қалған.   

Үздік 10 жаңалықтар және ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар

Еуразия бірінші арнасы арқылы орыс тілінде берілетін «Главные новости» жобасы жаңалықтар санатында бірінші орынды ешкімге бермеуге бел буған сыңайлы. КТК бірінші орынға сәл ілікпей қалды. Өйткені рейтингтің 0,15% -ы кемдік етті. Осылайша екінші орынды қанағат тұтты. Еуразия бірінші арнасының қазақ тілді «Басты жаңалықтар» жобасы үшінші орында. Осы көшбасшылар үштігі өзге әріптестерін яғни басқа арналардан тым жоғары көрсеткіш жинаған. Сондықтан Еуразия бірінші арнасы мен КТК жаңалықтарын басып озу үшін, көп күш жұмсаулары тиіс.  

Қорытынды сараптама – аптаның соңында шоғырланған ақпаратты кең ауқымда алғанды қалайтын көрермендер қауымына арналған өнім. Әдетте бұл аптадағы ең маңызды жаңалықтардың толықтырылған, жан-жақты шолулары. Әр арнаның өзіндік ерекшелігін де сараптамалық бағдарламалар арқылы аңдай аласыз. Бір ақпаратты сан-түрлі бағытпен, шығармашылық ізденіспен жеткізу де журналистердің шеберлігіне байланысты. Үздік ондықтың сапында Еуразия бірінші арнасы, Qazaqstan, 24 KZ, НТК және басқа да арналар бар.

Үздік 10 ойын-сауық бағдарламасы

Ел тұрғындары әзіл-оспақ шоулар мен бағдарламаларды ерекше ықыласпен тамашалайды. Жылдан жылға осы бағыттағы жобалардың да саны артып келе жатыр. Өздерінің сүйікті сатира театрларының қойылымдарын немесе теле шоуды студияда отырып, көзбен көруді қалайтын қауым да көбейген. Алайда миллиондаған көрермен жақсы көретін бағдарламаларын теледидар арқылы тамашалағанды ұнатады. «Егіз лебіз», «Әзіл әлемі» мен «1001 әзіл» жобалары осы аптада да көптеген көрерменді экран алдына ұйыстырған.  

Ойын-сауық бағдарламалары санатындағы алғашқы орындарды Еуразия бірінші арнасындағы «QosLike» және КТК эфирі арқылы берілетін «Астарлы ақиқат» пен «Кел, шырқайық!» жобалары ешкімге бермей нық ұстап тұр.    

Үздік 10 музыкалық және танымдық бағдарлама

Осы аптада көрермендер Qazaqstan телеарнасынан берілетін «Көңіл толқыны» музыкалық бағдарламасын жоғары бағалап, бірінші орынға жеткізді. Оның рейтингі 1,64%. КТК арнасы Қуаныш Құрманбаевтың «Менің жүрегім» атты шығармашылық кешін көрсетіп екінші орынға ие болды. Ал Jibek Joly телеарнасы «Әйелмен әлем әдем» концертімен үшінші орынға тұрақтады.

Танымдық бағдарламалар санатында таңертеңгілік бағдарламалар көш бастады. Өйткені танымдық шоулар, ғылым және денсаулық, мәдениет және өнер туралы жобалар, ғылыми-көпшілік және оқу бағдарламалары, жануарлар әлемі, туризм мен тарих туралы хабарлар ешбір көрерменді бейжай қалдырмайды. Еуразия бірінші арнасы, Qazaqstan, Almaty TV, El Arna және басқа да арналар бұл бағытта көрермен көңілінен шығатын контент ұсына білді.  

Топ-10 әлеуметтік-экономикалық және басқа бағдарламалар

Еуразия бірінші арнасындағы «Koremiz» ток-шоуы әзірге бірінші орынды ешкімге берген жоқ. Бейсенбі яғни 13 маусымдағы шығарылым 2,48% көрсеткіш жинады. КТК-дағы «Было дело» жобасы 1,13% рейтингпен екінші орында. Ал Еуразия бірінші арнасындағы «Айна» 1,09%  көрсеткіш жинап үшінші орынға жайғасты. Үздік ондықтағы көптеген позиция 24KZ телеарнасының еншісінде (4, 5, 8 және 10 орын).

Балаларға арналған спорттық телесайыстарға негізделген «Тәуекел» рейтинг бойынша бірінші, «Ханталапай» жобасы екінші орын алды. «Сиқырлы бөлме» атты бағдарлама да үздік үштік қатарынан табылды. Осы санаттағы орын алған өзге бағдарламалар да Balapan телеарнасының авторлығына тиесілі екенін ескере кету керек.

Үздік 10 отандық телехикаялар мен фильмдер

Бұл аптада үздік ондықтың басында балаларға арналған сериал да бар. Демек жазғы демалыста жүрген оқушыларымыз бос уақыттарының бір бөлігін теледидар көруге арнайтын сияқты. Qazaqstan арнасының эфирінен бейсенбі күні берілген «Сұңқар» телехикаясының эпизоды, Хабар арнасы арқылы сейсенбі күні көрсетілген «Келінжан» сериалы және КТК сәрсенбі күні көрсеткен «Жат туыстар» хикаясы аптаның үздік үш сериалына айналды.

Отандық фильмдер арасында Astana TV эфирінен берілген «Маған назар аудар» және «Базар жок, Мексика» комедиялары, сондай-ақ Qazaqstan көрсеткен «Томирис» тарихи фильмі бірінші орынға ие болды. Кейбір көркем картиналар ерекше танымалдыққа ие. Өйткені олар әр түрлі арналар арқылы көрсетілсе де, апта сайын рейтингтің ондығынан ойып тұрып орын алады.

Qazaqstan телеарнасының эфирінен 15 маусым күні берілген «Бірегей» деректі жобасы ең жоғары көрсеткішке ие болды.   

Үздік 10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар

Kazsport демалыс күндері UEFA Euro-2024 Кубогының көрсетілімімен апталық рейтингте үздіктер қатарынан табылды. Негізіен футбол жанкүйерлеріне арналған ойындар күнделігін Qazaqstan арнасы да өз эфирі арқылы беріп отыр. Бұл ретте Еуразия бірінші арнасындағы «Поле чудес» ток-шоуы тұғырдан түскен жоқ.

«Осман-5» ел тұрғындарының назарын бұл аптада да ешқайда бұрғызбады.  Осылайша Astana TV осы санаттағы бірінші орынды сақтап қалды. 13 маусым күні Qazaqstan ұлттық арнасынан көрсетілген «Құрсаудағы қыз» сериалы, сондай-ақ Еуразия бірінші арнасынан берілген украиналық «Солнечный ливень» хикаясының жексенбілік эпизоды жоғары рейтингке ие болды.

Перевод
Facebook
Instagram