Үздік 10 арна

Шілде айының басы футбол жанкүйерлерінің делебесін қоздырып, көрермендерін теледидардың алдына жіпсіз байлап қойды. Әлбетте. Өйткені UEFA Кубогының финалы жақындап қалып еді. Өздеріңізге мәлім Еуропаның ең үздік командасы кім болар екен деген негізгі сұрақтың жауабын іздеу үшін түн ұйқыны төрт бөліп футбол көру керек болатын. Сол себепті де «Kazsport» арнасының апталық рейтингте екінші орында тұруы таңқалатың жаңалық емес. Ал негізінен көрермен Еуразия бірінші арнасын көп тамашалаған. Үздік үштіктің арасында Qazaqstan ұлттық арнасы да бар.

Үздік 10 жаңалықтар және ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар

Шілденің бірінші аптасы КТК арнасы үшін сәтті басталды. Сәрсенбі күні эфирге берілген кешкі жаңалықтары Еуразия бірінші арнасын басып озып, рейтинг бойынша алға шықты. Ал Еуразия бірінші арнасындағы «Басты жаңалықтар» мен «Главные новости» сәйкесінше екінші және үшінші орындарда тұр. Телеөлшемдердің дерегі бойынша, көрермендер кешкі жаңалықтарға арнайы уақыт бөліп, күннің соңғы ақпаратын көруді қалайды.

Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар санатында да аздаған өзгерістер байқалады. Мәселен Qazaqstan арнасындағы «Апта» бағдарламасы көш бастап, бірінші орынға көтерілді. Осылайша сәл ғана басымдықпен Еуразия бірінші арнасын басып озды. Еуразия эфирінен шығатын жексенбілік «Аналитика» мен «Парламент Онлайн» жобалары үздік үштікте қалды. Ал бесінші орында ШЫҰ мемлекет басшылары саммитіне ауқымды шолу жасаған 24KZ арнасы бар.

Үздік 10 ойын-сауық бағдарламасы

НТК арнасындағы «Y-Night show» әзіл-сықақ шоуы баяу болса да өте сенімді, нық қадаммен бірінші орынға көтерілді. Өткен аптада бұл жоба үшінші орынға ие болғанды. Алайда әзіл мен қалжыңды ұнататын көрермен 31 арнаны таңдайды. Неге десеңіздер осы арнаның бірден бес бағдарламасы үздік ондықтың ішінде тұр. Яғни 2, 3, 4, 7 және 9 орындар 31 арнаның еншісінде.

Ойын-сауық һәм ток-шоулардың ішінде КТК-дағы «Астарлы ақиқат» және «Кел, шырқайық» үздік атанды. Ал Qazaqstan арнасындағы «Тату Тәтті» мен Балапан арнасындағы «Тай-тай шоу» қола жүлдеге қол жеткізді. Рейтинг бірдей болғандықтан қос арнаны осы аптаның қола жүлдегерлері деп атадық. 

Үздік 10 музыкалық және танымдық бағдарламалар

Айдың басындағы алғашқы аптаның үздік ондығындағы музыкалық бағдарламалар балалар арнасының еншісінде. Балапан арнасының үш бірдей бағдарламасы 3, 4 және 8 орындарға ие болды. Мұның себебі де белгілі. Өйткені қазір жазғы каникул кезеңі әрі біздің кішкентай көрермендеріміз музыкалық бағыттағы бағдарламаларды сүйіп тамашалайтынын айғақтайды. Ал бірінші және екінші орында Qazaqstan арнасындағы «Көңіл толқыны» және «Ән мен әнші» концерттері тұр.

Елорда күнінде Qazaqstan арнасындағы «Менің Астанам» бағдарламасы көрермендердің көңілінен шықты. Ұлттық арна үздік 10 танымдық бағдарлама бағытына төрт түрлі жоба ұсынған. Еуразия бірінші арнасының таңертеңгілік шоуы екінші және төртінші орынға ие болды, яғни осы арнадан берілген қазақ және орыс тілдеріндегі шығарылымдарын атауға болады.

Топ-10 әлеуметтік-экономикалық және басқа бағдарламалар

Ақорданың тыныс-тіршілігін баяндайтын репортаждар жылдың кез келген уақытында өзекті. Жексенбі күні Qazaqstan арнасынан берілген репортаж да ең жоғары рейтингке ие болды. Сондай-ақ, көрермендер Еуразия бірінші арнасының «Koremiz» ток-шоуын және КТК-дағы «Дау-дамайсыз» жобасын үзбей көреді.

Balapan арнасы өзінің хабар тарату желісін жетілдіре отырып, басқа бағдарламалар санатының бірінші қатарында сенімді түрде орын алды. Анимациялық сериалдар мен жеке жобалардың тұрақты көрермендері қалыптасқан. Демек алдағы уақытта да қатарының алды болуға әбден лайық.

Үздік 10 отандық телехикаялар мен фильмдер

«Сырғалым-2», «Құдаша қыз» және «Келінжан-2» телехикаялары қазір қаралымды өте көп жинап жүрген жобалар. Бұл өзге де сериалдардың жарқ етіп шығуына мүмкіндік бермей келеді. Бұл жолы Qazaqstan және Хабар телеарналарының телеөнімдері үздік ондықтың 70% -н иеленді. Ал көркем фильмдер санатында Astana TV және КТК арнасының тұрақты көрермендері бар. Осы қос арнадағы «Непростая история», «Рысь» және «Моя большая казахская семья» фильмдері үздіктер қатарында.

Деректі фильмдер санатында 7 шілде яғни жексенбі күні Almaty TV арнасынан көрсетілген «Шанхай рухы» фильмі үздік атанды.

Үздік 10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар

UEFA Euro-2024 кубогы шілде айында да футбол жанкүйерлерін теледидарға телміртіп қойды. Матчтардың жұма күнгі көрсетілімдері бұрын-соңды болмаған рейтинг жинады. Осылайша 4,37% көрсеткішімен Qazsport арнасын бірінші орынға алып шықты. Жалпы үздік ондықтың ішінде Еуропа чемпионаты туралы төрт бағдарлама бар. Ел тұрғындарының сүйікті бағдарламаларының бірі «Поле чудес» жобасы осы аптада үшінші орынды қанағат тұтты.

AstanaTV арнасындағы «Осман-5» тарихи сериалы әдеттегідей алдыңғы орында. Үздік он сериалдың тең жартысы Түрік телехикаяларының еншісінде екенін айта кету керек. Екінші орын – Qazaqstan арнасындағы «Құрсаудағы қыз» хикаясы және үшінші орын – Еуразия бірінші арнасындағы «Спецбат» сериалының қоржынында. Бір кездері танымалболған «Великолепный век» Жетінші арнаның эфирінен беріледі. Алайда көрермендер бұл сериалды әрдайым көруге асықпайтын сияқты. Осы аптада үздік ондықты осы хикая қортындылап тұр.

Перевод
Facebook
Instagram