Үздік 10 арна
Qazaqstan және КТК осы аптада бірдей рейтингке (12,40%) қол жеткізді. Бұл көрсеткіш қос арна үшін де екінші орынға тұрақтауға мүмкіндік берді. Әдеттегідей Еуразия бірінші арнасы көшбасшылықты ұстап тұр. Ал үшінші орын Жетінші арна еншісінде. Kazsport тоғызыншы орынға жайғасты. Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының басталуына байланысты спорттық арна ондықта тұрақтайды деген зор сенім бар. Естеріңізге сала кетейік, олимпиада ойындарының тікелей трансляциясын Qazaqstan, Kazsport, Jibek Jolly және Хабар телеарналары эфирінен көруге болады.
Үздік 10 жаңалықтар және ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар
Еуразия бірінші арнасындағы «Главные новости» осы аптада КТК жаңалықтарынан оннан бір бөлік ғана жоғары. Орыс тілінде шығатын осы арналардың жаңалықтары көптеген айлар бойы ел көрермендерінің арасында ең танымал жобалар екенін айта кеткен жөн. Үшінші орында Еуразия бірінші арнасындағы «Басты жаңалықтар» еншісінде. Айта кетейік, көптеген телеарналардың жаңалықтар шығарылымы мемлекеттіктілде беріледі.
24 KZ телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалары мен жобалары үздік ондықтағы алты орынды иеленген. Олардың ішінде бес бірдей бірінші орынды қанжығаға байлады. «Іс жүзінде» және «Спец проект» бағдарламаларының апталық рейтингі бірдей. Бұл екі бағдарламаны да үздік деп санауға толықтай мүмкіндік береді.
Үздік 10 ойын-сауық бағдарламасы
Сенбі күні «Шымкент шоуы» әзіл-сықақ жобасы екі рет эфирге берілді. Бұл ретте ол КТК-да үлкен рейтингке ие болды. Ал 31 арнадағы көрсетілімі үшінші орынға ие болды. Осы аптада екінші орында жексенбі күні кешке Astana TV арнасының эфирінен шыққан «Алдараспан» театры. 31 арнаның бес бағдарлама бірден үздік ондықтан орын алды. Бұл үрдіс дәстүрге айналып келе жатқан сияқты.
КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» жобасы ойын-сауық санатында бірінші орында. Одан кейін Хабар арнасындағы «Cover Show», КТК-дағы «Кел, шырқайық!» және «Қарапайым ханшайым» реалити-шоуы бар.
Үздік 10 музыкалық және танымдық бағдарлама
Qazaqstan арнасы музыкалық бағдарламалар санатында марапаттардың толық жиынтығын жеңіп алды деуге негіз бар. Ұлттық арнадан берілген үш концерт көрермендердің көңіл түкпіріне ұялап, алғашқы үш орынды да еншіледі. Олар: «Жарқын жүздесу», «Көңіл толқыны» және мерейтойлық «Сағындырған әндер-ай. 15 жыл» деп аталатын концерттер. Сондай-ақ үздік ондықта «Балапан жұлдыз» және «Караоке» сынды балаларға арналған музыкалық бағдарламалар бар.
Еуразия бірінші арнасының таңертеңгілік бағдарламаларының сәрсенбі және бейсенбі күндеріндегі шығарылымдары ең көп қаралған. Осылайша олар осы аптада бірінші және екінші орынға ие болды. Ал үшінші орын Хабар арнасынан жексенбі күні берілген «Дүлдүлдер дүбірі» бағдарламасы.
Топ-10 әлеуметтік-экономикалық және басқа бағдарламалар
Еуразия бірінші арнасы әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар тобында да бірінші орынға қол жеткізді. Арнадағы «Koremiz» ток-шоуы 1,53% рейтингке ие болған. Одан кейін КТК-дағы «Даудамайсыз» және «Было дело» атты екі бағдарлама үздік үштік қатарында. Өткен апта 24 KZ арнасы үшін өте олжалы болды. Өйткені осы арнадағы төрт бірдей бағдарлама үздік ондықтың ішінде.
Жоғарыда аталған санаттардан тыс басқа бағдарламалардың ішінде бірінші болып Astana TV арнасындағы «Саулықтың сыры» жобасы бірінші орынға ие болды. Алқалған 9 орынды бұрынғыдай Балапан арнасының анимациялық сериалдары мен балалар шоулары алды.
Үздік 10 отандық телехикаялар мен фильмдер
«Сәке» деп аталатын танымал сериалды көрсеткен Astana TV осы аптада әріптестерінен көш ілгері озып,бірінші орынға тұрақтады. Үздік үштік арасында Qazaqstan телеарнасынан көрсетілетін «Құдаша қыз» және «Сырғалым» телехикаялары бар. КТК, Балапан және Хабар арнасындағы сериалдар да үздік ондыққа кірді.
Qazaqstan, Хабар және 31 арнада көрсетілген көркем фильмдер өткен демалыс күндері көптеген көрерменді экран алдына шоғырландырды. Сондай-ақ, Jibek Joly, Astana TV және El Arna да үздік ондықта. Айта кетейік, фильмдердің 70 %-ын көрермендер демалыс күндері тамашалаған.
Үздік деректі фильм сәрсенбі күні түстен кейін Qazaqstan телеарнасынан көрсетілді. Бұл «Соңғы көшпенділер» деректі циклының «Жайлау» деп аталатын эпизоды еді.
Үздік 10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар
Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының басталуымен спорттық телевизия маусымы жанданып сала берді. Өткен аптада Qazaqstan және KazSport арналарынан түрлі жарыстардың алғашқы және бірден жеті көрсетілімі эфирге берілген еді. Десе де бірінші орында Еуразия бірінші арнасынан көрсетілетін «Поле чудес» ток-шоуы тұр.
Түрік және ресейлік телехикаялар ел телевизиясының айдынында еркін жүзетін жағдайға жеткені жасырын емес. Алғашқы ондықта Түрік және Ресей сериалдарының қатынасы 4- тен 4-ке дейін деп бағалауға болады. Бірінші орында Astana TV арнасынан беріліп жүрген «Осман-5», екінші орында Жетінші арнадан көрсетілетін «Великолепный век», үшінші орында Еуразия бірінші арнасындағы «Заповедный спецназ-2» хикаялары бар. Жетінші арна осы санат бойынша үлкен жетістікке қол жеткізді. Өйткені үздік ондықтағы төрт орынды да иеленген.