ТОП-10 телеарна
Аптаның үздік үштігі өзгеріссіз қалды: Евразия бірінші арнасы, КТК және Жетінші арна. Рейтингтегі жүздік үлестердің аздаған төмендеуі олардың орнын өзгертпеді. Ал елорда арнасы мен 31 арна арасындағы бәсеке бір жүздік үлестің де маңызын көрсетті – бұл жағдайда Astana TV бір сатыға көтеріліп, әріптесін ығыстырды.

ТОП-10 жаңалықтар мен ақпараттық-талдамалық бағдарламалар
КТК жаңалықтары 24 маусым, сейсенбі күнгі шығарылымымен апталық рейтингте бірінші орын алды. Евразия бірінші арнасының дүйсенбі күнгі жаңалықтары екінші және үшінші орындарға жайғасты.

Ақпараттық-талдамалық бағдарламалар санатында да Евразия бірінші арнасы алғашқы үштікті иеленді. Бұл жолы бірінші орында – «Парламент Онлайн», екінші орында – «Аналитика», ал үшінші – «Асау жаңалықтар». Хабар арнасының апталық шолу бағдарламасы «7 күн» төртінші орында.

ТОП-10 ойын-сауық бағдарламалар
Astana TV арнасы маусымның соңғы жексенбісінде көрсетілген әзілге толы жобаларымен – «Әзілін жарасса» және «Шымкент Шоу» – бұл санаттағы рейтингтің көшін бастады. Үшінші орында – Qazaqstan арнасының «Егіз лебіз» бағдарламасы.

Көрермендердің Евразия бірінші арнасындағы «QosLike» бағдарламасына деген қызығушылығы жоғары күйінде қалып, оны тағы да бірінші орынға шығарды. Екінші орында – Qazaqstan арнасының ұлттық телевизиялық байқауы «Тұмар» трансляциясы. Үшінші орында – КТК арнасындағы «Кел, шырқайық!» шоуы.

ТОП-10 музыкалық және танымдық бағдарламалар
КТК және Qazaqstan музыкалық бағдарламалар жанкүйерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады – олардың концерттік көрсетілімдері мен үздік музыкалық нөмірлер жинағы рейтингтің алғашқы жеті орнын қамтыды.

БАҚ қызметкерлері күніне арналған «Amanat медиа сыйлығы 2025» марапаттау рәсімі Astana TV арнасынан көрсетіліп, арнаға бірінші орынды алып келді. Екінші орында – Qazaqstan және «Замандастар» бағдарламасы, үшіншіде – Jibek Joly арнасының «Наша история».

ТОП-10 әлеуметтік-экономикалық және өзге бағдарламалар
Қоғамдағы әлеуметтік ахуалды көрермендер Евразия бірінші арнасы, КТК және 24KZ арналары арқылы бақылауда. Бірінші орында – көпшілік сүйіп көретін ток-шоу «Koremiz Show», екінші орында – «Заң мен ел», үшінші – «Было дело».

Негізгі санаттарға кірмейтін өзге бағдарламалар арасында үздіктер қатарында: балалар арнасының «Қайырлы түн, балапан!», «Бізбен биле!» және Astana TV арнасының «Саулықтың сыры».

ТОП-10 қазақстандық сериалдар мен фильмдер
Соңғы апталарда балаларға арналған сериалдар да үлкен аудитория жинап жүр. Бұл жолы да жоғары рейтингтер Astana TV арнасының комедиялық «Аппақ келін» және Qazaqstan арнасының «Құдаша қыз» сериалдарына ғана емес, Balapan арнасындағы балаларға арналған «Вундеркинд бала» сериалына да тиесілі болды.

Үздік көркем фильмдер ретінде елорда арнасындағы «Бизнесмены», Хабар арнасының комедиясы «Қыздардың ойында не бар? Тақия» және Qazaqstan арнасының «Набат операциясы» фильмі танылды.

Сонымен қатар, Хабар арнасында көрсетілген деректі фильм – «Әке бақыты» – өз жанры бойынша ең жоғары рейтинг жинаған.

ТОП-10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар
Бұл санатта тұрақты көшбасшы – Евразия бірінші арнасының «Поле чудес» шоуы. Екінші орында – осы арнадан көрсетілген «Пусть говорят» (24 маусым, сейсенбі). Келесі үш орынды Мир арнасының бағдарламалары иеленді. Айта кетейік, бұл арна ТОП-10-ға алты түрлі бағдарламамен кірген.

Жетінші арна түрік сериалдарымен – «Бесценное время», «1001 ночь» және «Великолепный век. Кесем» – шетелдік фильмдер мен сериалдар рейтингінің алғашқы төрт орнының үшеуін иеленіп, тіпті бірінші орынды да еншіледі. Екінші орында – КТК арнасындағы ресейлік сериал «Шеф. Игра на повышение».
