
Күзде 31 арна көрерменге әлеуметтік маңызы зор жаңа «ТОР» телехикаясын ұсынады. Бұл туынды 12 бөлімнен тұрады, әр бөлімнің ұзақтығы 25 минут.
Хикая қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдердің радикалдануы мен олардың теріс ағымдарға ілесуі, сондай-ақ бұл құбылыстың отбасы мен қоғамға тигізетін әсерін тереңінен ашып көрсетеді. Хикаяда қоғамда жиі айтыла бермейтін, алайда елеусіз қалдыруға болмайтын күрделі мәселелерді қозғайды.
Оқиға желісі терактінің алдын алудан басталады. Арнайы жасақ қарулы және қолдан жасалған жарылғыш заттармен жабдықталған үш экстремисті қолға түсіреді. Тұтқындалғандардың арасында кәмелетке толмаған жасөспірім де бар. Тергеу барысында лаңкестердің бірі діни экстремизмге қарсы күрес бөлімінің офицері Дарханның ұлы екені анықталады. Бұл жаңалық Дархан үшін ауыр болып, оның өмірін түбегейлі өзгертеді.
Офицер уақытша қызметінен шеттетіледі. Ол әріптестерінің өзіне деген сенімін жоғалтып, экстремизмге қатысы бар деп күдікке ілінген ұлының қалай теріс ағымға түскенін флешбэк әдісі арқылы анықтайды.
Телехикаяның тағы бір маңызды тұсы – Дархан мен молда арасындағы әңгімесі. Бұл жобаның басты идеясын ашады: нағыз дін мен оны манипуляция құралы ретінде пайдаланатын экстремизмнің арасындағы айырмашылық туралы ашық айтылады.
Соңғы бөлімде радикалдардың ықпалына еріп, алданып қалған жасөспірімдердің шынайы өмірі мен тағдыры көрсетіледі.
Басты рөлдерде: Берік Айтжанов – ұлы үшін күрескен әке Дарханның рөлінде.
Зарина Кармен – күдіктілермен келіссөз жүргізетін сенімді тергеуші рөлінде.
Нұрлан Әлімжанов – жасөспірімдерді өз тұзағына түсіріп, теріс ағымға жетелейтін Шерханның рөлін сомдайды.