Қыркүйек айының үшінші аптасында қазақстандық телеаудиторияның әдеттегі көшбасшылары өз орындарын сақтап тұр. Дегенмен, НТК арнасы екі саты төмендеп, орнын «Мир» және «31 арна» иеленді. Көрермендер әдеттегідей кешкі жаңалықтар, отандық телехикаялар, қазақстандық фильмдер мен әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жиі қараған.
«Жетінші арна» кешкі сағат 20:00–23:00 аралығында ауқымды көрерменімен эфирде абсолют көшбасшы атанды.

Ақпараттық бағдарламалар прайм-таймда ең көп аудитория жинап, көрермен тарапынан дәстүрлі ақпарат көздеріне деген сенімнің жоғары деңгейде екенін көрсетті. КТК арнасының қазақ тіліндегі «Жаңалықтар» және орыс тілінде хабар тарататын «Новости» жаңалықтар рейтингі бойынша бірінші орынды иеленді. Екінші орында – Еуразия бірінші арнасының «Басты жаңалықтар» және «Главные новости» ақпараттық бағдарламалары. Ал жаңалықтар топтамасындағы үздік үштікті 31 арнаның танымал жобасы – Informburo қорытындылайды.

Әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бағдарламалардың үздігі – Еуразия бірінші арнасы, 31 арна және Qazaqstan ұлттық арнасы. Ауыл шаруашылығы, отбасылық саясат және құқықтық бастамалар сияқты тақырыптар кең аудиторияның қызығушылығын тудырды. Qazaqstan арнасы ТОП-10-ның бірден бес позициясын иеленді.

Ақпараттық-аналитикалық бағдарламаларды да көрермен жай қалдырмады. Еуразия бірінші арнасының үш бірдей бағдарламасы рейтингте үздік үштікке енді. КТК арнасындағы «Апта портреті» және Ұлттық арнадағы «Апта» бағдарламалары бой көрсетті.

Әзіл-қалжың бағдарламалардың ішінде көрермендердің сүйіктісі болған – Тұрсынбек Қабатовтың концерттері. Qazaqstan және Jibek Joly арналарында көрсетілген екі концерті ТОП-5-ке енді.

Сондай-ақ, лайфстайл және реалити форматтағы шоуларды да көрермендер белсенді түрде тамашалаған. Қазіргі таңда бағдарламалар жергілікті колорит, цифрлық элементтер және шынайы диалогтарға ерекше назар аударуда.

Қазақстандық телехикаялар – тұрақты хиттер десек те болады.
Қыркүйектің үшінші аптасында отандық сериалдар өз танымалдығын тағы да дәлелдеді, әсіресе кешкі эфирде.
Апта көшбасшысы болып – Хабар арнасындағы ауылдың шынайы тұрмыс-тіршілігін көрсететін «Келінжан-6» телехикаясы жоғары рейтинг жинап, көрермен назарын танымал кейіпкерлері мен отбасылық тақырыбы арқылы ұстап тұр.

Отандық көркем фильмдер қыркүйектің ортасында, телехабар кестесінде, әсіресе кешкі уақытта, елеулі орынға ие болды. Апта фильмі атанған Balapan арнасындағы «Гипер бала» алғашқы орынға жайғасты. Бұл туынды балалар мен отбасылық аудиторияға бағытталған, сондықтан прайм-таймда жоғары көрсеткіштерге жетті.
