Қазан айының екінші аптасындағы жалпы тенденциялар (Қазақстандағы 100 000-нан астам халқы бар қалалар және 6 жастан жоғары адамдар саны)
Аудитория үлесі бойынша үздік орын әлі де Еуразия Бірінші арнасына тиесілі телеқаралымның 18,6%-ы, рейтинг 0,7%. Басқа арналар оған жетуге тырысқанымен, қасқайып тұрған көшбасшыны әзірге ешкім ысыра алған жоқ. КТК мен Жетінші арна екінші және үшінші орындарға жайғасып, басқа арналардан айтарлықтай алда келеді. 31 арна, Astana TV, Мир және НТК арналары рейтингтің қақ ортасында тұрақталып, орындарынан оңайлықпен қозғалмай, өз аудиториясын бермей отыр.

Жаңалықтар
6–12 қазан аралығында КТК жаңалықтары рейтинг бойынша көш бастады: 10 қазандағы шығарылым 2,86% көрсеткішке ие болды. Еуразия Бірінші арнасының қазақ және орыс тілдеріндегі жаңалықтары тұрақты түрде топтан көрінуде. 31 арнадағы қос тілде ақпарат тарататын Informburo да жетекші жаңалықтар бағдарламаларының қатарында.

Ақпараттық-аналитикалық бағдарламалар
Еуразия Бірінші арнасының «Parlament Online» және «Аналитика» бағдарламалары категориядағы көшбасшылар. КТК арнасындағы «Апта портреті» ең ұзақ эфир уақытына ие және жоғары рейтинг жинаған бағдарлама. Еуразия Бірінші арнасының қазақ тіліндегі «Асау жаңалықтар» және Qazaqstan ұлттық арнасының «Апта» бағдарламасы да үздіктер қатарында.

Әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар
Еуразия Бірінші арнасы бірден үш жобасымен үздік үштікке енген. Заң, құқық және тікелей эфирдегі диалог форматындағы бағдарламалар Еуразия Бірінші арнасы мен Qazaqstan арналарында белсенді түрде көрсетіліп келеді. 31 арнадағы «Әділдік алаңы» және Qazaqstan арнасындағы «Ashyq alan» бағдарламалары өз форматынан жаңылмай, рейтингтегі орнын бермей келеді.

Ойын-сауық бағдарламалары
Бұл аптада ойын-сауық бағытында айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Көрерменнің көңілі әзіл мен танысу шоуларына ауған. Олар бұл бағдарламаларды қалдырмай қарап, рейтингті жоғары ұстап тұр.


Qazaqstan арнасы «Білім беру бағдарламалары» санатында «1001 түн», «Таңшолпан», «Ауылдастар» және «Сақтандыру мәдениеті» сынды жобаларымен сенімді түрде өз орнын сақтап. Білім беру бағыты таңғы форматтар мен ғылыми-көпшілік бағдарламалар арасында теңгерімді көрсетіп отыр.

Қазақстандық телехикаялар
Осы аптада отандық сериалдар арасында күтпеген ауыс-түйіс болды. Хабар арнасындағы көптің сүйіктісі «Келінжан-6» тұғырдан түсіп, Astana TV-ның жаңа жобасы «Зу-Зу Күлпәш» алға озып шықты. Сонымен қатар Жетінші арнадағы «11 метр» де үздік үштіктің қатарында.
