*Халқы 100 000-нан асатын қалалар және 6 жастан жоғары көрермендерге арналған
Желтоқсан дәстүрлі түрде мерекелік эфирлердің, қорытынды бағдарламалар мен жарқын концерттердің айы болды. Көшбасшылардың алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды: Еуразия бірінші арнасы, КТК және Жетінші арна. Ал алғашқы ондықта Хабар арнасы Balapan-ды ығыстырды.

Жаңалықтар
Орташа рейтинг бойынша Еуразия бірінші арнасындағы «Главные новости» 22 шығарылыммен 2,10% көрсетіп, сенімді түрде көш бастады. Бұл көрермендердің кешкі жаңалықтарға тұрақты қызығушылығын аңғартады. Екінші орында КТК арнасындағы «Новости» тұр. Бағдарлама 63 эфирмен 1,24% жинады. Одан кейін Еуразия бірінші арнасындағы «Басты жаңалықтар» 43 эфирмен 0,67% көрсетсе, 31 арнадағы Informburo 50 эфирмен 0,64% нәтижеге қол жеткізді.

Ақпараттық-талдамалық бағдарламалар
Желтоқсанда ақпараттық-талдамалық бағдарламалар сегментінде көрермен назары негізінен Еуразия бірінші арнасы жобаларына ауды. «Парламент Online» мен «Аналитика» бағдарламалары шығарылым саны аз болғанына қарамастан, орташа рейтинг бойынша айқын көшбасшы атанды. Бұл көрермендердің маңызды саяси және қоғамдық оқиғалар талқыланатын жинақы форматтарды жоғары бағалайтынын көрсетеді. Үздік үштікті қазақстандық телевидениенің ең көне талдамалық бағдарламаларының бірі саналатын КТК арнасындағы «Портрет недели» түйіндеді.

Әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар
Желтоқсан айында бұл сегмент бір ғана маңызды оқиғамен ерекшеленді. Ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа жылдық үндеуі болды. Үндеу елдің жетекші телеарналарында жоғары рейтинг жинап, айдың басты медиаоқиғасына айналды.
Еуразия бірінші арнасында көрсеткіш 6,68% болды. Qazaqstan арнасында 4,42%, 31 арнада 3,77%, ал Хабар арнасында 3,69% тіркелді.

Әзіл-ысқақ бағдарламалар
Тұрақтылық бойынша Astana TV арнасындағы «Шаншар» алға шықты. Бағдарлама 2 эфирмен 0,98% көрсетті. КТК арнасындағы «Алдараспан» 13 шығарылыммен 0,56% нәтижеге жетті. Ал 31 арнада 5 эфирмен 0,35% жинады. Jibek Joly арнасында көрсетілген Тұрсынбек Қабатовтың мерейтойлық концерті 2 эфирмен 0,66% көрсетіп, жеке форматтағы шоуларға қызығушылық бар екенін дәлелдеді.

Ойын-сауық бағдарламалары
Бұл санатқа түрлі форматтағы жобалар кіреді. Желтоқсан айының абсолютті көшбасшысы Хабар арнасындағы «Қызық премия» болды. Бағдарлама бір эфирмен 1,73% жинады.
Еуразия бірінші арнасындағы «QosLike» жастар жобасы 22 шығарылыммен 1,03% көрсетіп, тұрақты сұранысқа ие екенін растады. Сондай-ақ Хабар арнасындағы «Қазақ аруы 2025» байқауы айдың елеулі оқиғаларының біріне айналды.

Сазды бағдарламалар
Көшбасшылық Жетінші арнадағы «Жетіншіде жаңа жыл түні» жобасына тиесілі болды. Ол 2 эфирмен 1,85% көрсетті. 31 арнадағы «Төртеу түгел болса» бір эфирмен 1,66% жинады. Qazaqstan арнасындағы «Жақсылықпен кел, жаңа жыл!» 10 эфирмен 0,80% көрсетті.
Еуразия бірінші арнасындағы «2026 Қош келдің!» бағдарламасы 2 эфирмен 1,47% нәтижеге жетті.
Хабар арнасындағы «Ғажайып түн 2026» 2 эфирмен 1,36% көрсетті.

Сериалдар мен фильмдер
Сериалдар қатарында Qazaqstan арнасындағы «Жаңа жыл» 1 эфирмен 1,16% жинады. КТК арнасындағы «Молчание» 7 эфирмен 0,79% көрсетті. Хабар арнасындағы «Келінжан 6» 40 эфирмен 0,29% нәтижеге ие болды.

Фильмдер арасында Qazaqstan арнасындағы «Биік сезім» 2 эфирмен 1,73% көрсетті.
Жетінші арнадағы «Таптым-ау сені 2» бір эфирмен 1,41% жинады. 31 арнадағы «Той boy» бір эфирмен 0,76% нәтижеге қол жеткізді.
