Қазақстанның қалалары мен ауылдары және 6 жастан жоғары көрермендерге арналған

2026 жылдың 19 – 25 қаңтар аралығындағы апта қорытындысы бойынша телеқаралымның көшбасшысы Qazaqstan телеарнасы болып тұр. Арна 0,78 пайыз рейтинг пен жалпы аудиторияның 13,14 пайыз үлесін жинады. Екінші орынға Еуразия бірінші арнасы жайғасты, оның рейтингі 0,77 пайыз, ал үлесі 12,99 пайызды құрады. Бұл екі арна жаңалықтар мен әлеуметтік-саяси бағдарламалардағы мықты көрсеткіштерінің арқасында көшбасшылықты сақтап отыр. Үшінші орынды Astana TV иеленді, арна 0,62 пайыз рейтинг пен 10,39 пайыз үлес көрсетті. Бұл нәтижеге қазақстандық сериалдар мен фильмдер ықпал етті.

Жаңалықтар сегментінде екінші апта қатарынан көшбасшылықты Еуразия бірінші арнасындағы «Главные новости» бағдарламасы сақтап отыр, оның рейтингі 2,50 пайыз. Екінші орында 31 арнадағы «Informburo» бағдарламасы 2,46 пайыз көрсеткішпен орналасса, үшінші орынды КТК арнасындағы «Новости» жаңалықтар шығарылымы 2,32 пайыз рейтингпен иеленді.

Ақпараттық-талдамалық бағдарламалар санатында алғашқы үштік тұрақты түрде көрермен назарын ұстап келеді. Бірінші орында Еуразия бірінші арнасындағы «Парламент Online» бағдарламасы, рейтингі 1,93 пайыз. Екінші орында Qazaqstan арнасындағы «Апта» бағдарламасы 1,84 пайыз нәтижемен тұр. Үшінші орынды Еуразия бірінші арнасындағы «Аналитика» бағдарламасы 1,18 пайыз көрсеткішпен алды. Бұл бағдарламалар саяси және қоғамдық шолуларға деген көрермен қызығушылығының жоғары екенін көрсетеді.

Әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар санатында 19 – 25 қаңтар аралығында көшбасшы болған жоба — Еуразия бірінші арнасындағы «Koremiz show» бағдарламасы. Бағдарлама 2,14 пайыз рейтинг жинап, әлеуметтік ток-шоуларға көрермен қызығушылығының тұрақты екенін дәлелдеді. Екінші орында Qazaqstan арнасындағы «Әлем және біз» бағдарламасы 1,71 пайыз нәтижемен, ал үшінші орында сол арнадағы «Ақорда» бағдарламасы 1,58 пайыз рейтингпен орналасты.

Ойын-сауық сегментінде әзіл-сықақ бағдарламалары арасында КТК арнасындағы «Шаншар» жобасы көш бастады, оның рейтингі 0,98 пайыз. Бұл жоба Astana TV арнасында да жоғары көрсеткіш көрсетіп, үздік ондықта екінші орынға шықты, сондай-ақ 31 арнада алтыншы орынға жайғасты. Үшінші орынды Жетінші арнадағы «Әзілін жарасса» бағдарламасы 0,81 пайыз көрсеткішпен иеленді.

Өзге форматтағы ойын-сауық бағдарламалары арасында Qazaqstan арнасындағы «Қызық екен…» жобасы 1,67 пайыз рейтингпен ерекшеленді. Сонымен қатар Еуразия бірінші арнасындағы «QosLike» бағдарламасы 1,42 пайыз, ал Qazaqstan арнасындағы «Бәрекелді!» жобасы 1,03 пайыз нәтиже көрсетті.

Музыкалық сегментте алғашқы бес орынға танымал өнерпаздардың шығармашылық кештері енді. Ал алғашқы үштік келесідей қалыптасты: Qazaqstan арнасында көрсетілген «Менің Қазақстаным» атты Шәмші Қалдаяқов әндерінің II халықаралық фестивалі 1,26 пайыз рейтингпен көш бастады. Екінші орынды сол арнадағы «Көңіл толқыны» бағдарламасы 1,1 пайыз көрсеткішпен иеленсе, үшінші орында Jibek Joly арнасындағы Жігер Ауыпбаевтың шығармашылық концерті 0,73 пайыз рейтингпен орналасты.

Перевод
Facebook
Instagram