Қазақстан қалалары мен ауылдары, 0+, 6+ аудиториясы
Маусым айының алғашқы аптасы еліміздің жетекші телеарналары арасындағы жоғары бәсекелестіктің сақталып отырғанын көрсетті. Алдыңғы апталарда көшбасшылықты Бірінші арна Еуразия иеленіп келген болса, бұл жолы рейтингте бірден екі нарық ойыншысы бірінші орынды бөлісті. КТК мен Бірінші арна Еуразия бірдей көрсеткішке қол жеткізіп, рейтингтері 0,45%, ал аудитория үлесі 10,92% болды. Олардың артынан Qazaqstan (0,42% және 10,28%) орналасты. Алғашқы бестікке сондай-ақ Astana TV (0,38% және 9,26%) және 31 арна (0,37% және 9,03%) енді.

Жаңалықтар сегменті. Аптаның абсолютті көшбасшысы — Qazaqstan арнасындағы «Ақпарат» бағдарламасы, оның рейтингі 2,09% болды. Сонымен қатар жоғары нәтижелерді КТК арнасындағы «Новости» (1,95%), Бірінші арна Еуразиядағы «Главные новости» (1,58%), «Басты жаңалықтар» (1,47%) және 31 арнадағы «Информбюро» (1,41%) көрсетті.

Ақпараттық-талдамалық сегмент. Бұл сегмент жаңалықтармен салыстырғанда біршама төмен нәтижелер көрсеткенімен, тұрақты аудиториясын сақтап отыр. Апта көшбасшысы — Бірінші арна Еуразиядағы «Парламент Online», рейтингі 0,94%. Екінші орында Qazaqstan арнасындағы «Апта» (0,79%), үшінші орында Astana TV арнасындағы «Sarap Times» (0,76%). Сондай-ақ НТК арнасындағы «Revue New» (0,59%) және 24KZ жобалары да жоғары көрсеткіштерге ие болып, көрермендердің қоғамдық-саяси талдауға деген қызығушылығының тұрақты екенін дәлелдеді.

Әлеуметтік-экономикалық сегмент. Бұл санатта көшбасшылықты Бірінші арна Еуразиядағы «Koremiz Show» бағдарламасы сақтап қалды, оның рейтингі 1,23% болды. Одан кейін Qazaqstan арнасының «Әлем және біз» (1,11%) және «Заң алдында» (1,10%) бағдарламалары орналасқан. Сонымен қатар үздік ондықта 24KZ арнасының бірнеше жобасы — «Елге қызмет», «Мәжіліс Live» және «Сенат сөзі» бағдарламалары да бар.

Әзіл-сықақ сегменті. Бұл сегментте көшбасшылық қайтадан 31 арнаға оралды. Бірінші орынды «31 әзіл» бағдарламасы иеленіп, 0,85% рейтинг жинады. Үздік үштікке сондай-ақ Almaty TV арнасындағы «Алдараспан» (0,64%) және Astana TV арнасындағы «Шаншар» (0,56%) кірді.

Басқа ойын-сауық бағдарламалары. Бұл санатта көшбасшы атанған — Qazaqstan арнасындағы «Қызық екен… / Qyzyq eken…» бағдарламасы, рейтингі 1,19%. Екінші орынды Бірінші арна Еуразиядағы «QosLike» (0,90%) иеленсе, үшінші орында Balapan арнасындағы «Жүзден жүйрік» (0,80%) орналасты.

Музыкалық сегмент. Музыкалық бағдарламалар арасында Qazaqstan арнасы тағы да басымдық танытты. Апта көшбасшысы — «Сәкен Майғазиевтің мерейтойлық ән кеші», рейтингі 0,91%. Үздік үштікке сондай-ақ «Бүркіт пен Аишаның концерті» (0,84%) және Astana TV арнасындағы «Шымкент Думан» (0,78%) енді.

Сериалдар сегменті. Сериалдар санатында Qazaqstan арнасы өз көшбасшылығын сақтап қалды. Бірінші орынды «Қыздың жолы» (1,53%) иеленсе, екінші орында «Жалған өмір» (1,33%) тұр. Үшінші орын Astana TV арнасындағы «Ағайынды атамыз» сериалына бұйырды (1,19%).

Киносегмент. Кино көрсетілімдері бойынша Astana TV арнасы айтарлықтай күшейіп, рейтингтің жоғарғы орындарының басым бөлігін иеленді. Апта көшбасшысы — «Көз тимесін» фильмі, рейтингі 1,69%. Екінші орынды «Тезек» (1,32%) иеленді. Ал үздік үштікті Qazaqstan арнасындағы «Болған оқиға» фильмі (0,84%) түйіндеді.
