Шілденің төртінші аптасы телевизия нарығындағы күштердің арақатынасын тағы да өзгертті. Соңғы бірнеше аптадан кейін алғаш рет Жетінші арна көш басына шығып, 0,39% рейтинг пен 11,79% аудитория үлесіне қол жеткізді. Astana TV жоғары көрсеткіштерін сақтап, 0,38% рейтингпен және 11,47% үлеспен екінші орынға тұрақтады. Үшінші орынға Qazaqstan арнасы көтерілді (0,34%; аудитория үлесі – 10,32%). Ол дәл осындай рейтинг көрсеткенімен (0,34%), аудитория үлесі бойынша (10,27%) Еуразия Бірінші арнаны аз ғана айырмашылықпен артта қалдырды. Үздік бестікті КТК (0,33%) түйіндеді. Апта қорытындысы көшбасшылық үшін бәсекенің бұрынғысынша өте тартысты екенін, ал көрермен аудиториясының ірі телеарналар арасында белсенді түрде қайта бөлініп жатқанын көрсетті.

Жаңалықтар сегменті. Аптаның сөзсіз көшбасшысы тағы да КТК арнасындағы «Новости» бағдарламасы болды. Оның рейтингі 1,50%-ды құрады. Екінші орынға Qazaqstan арнасындағы «Ақпарат» бағдарламасы (1,14%), үшінші орынға КТК арнасындағы «Жаңалықтар» шығарылымы (1,13%) жайғасты.

Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар сегменті қалыпты деңгейдегі көрсеткіштерін сақтағанымен, бұл жолы да әртүрлі телеарналардың жобаларымен ерекшеленді. Апта көшбасшысы Atameken Business арнасындағы «Арнайы репортаж» бағдарламасы болды (0,22%). Екінші және үшінші орындарды «Хабар» арнасындағы қазақ және орыс тіліндегі «7 күн» бағдарламалары иеленді (0,11% және 0,07%).

Әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар сегментінде Еуразия Бірінші арнасының «Koremiz show» бағдарламасы 0,93% рейтингпен көш бастады. Екінші орынға Qazaqstan арнасындағы «Желідегі тұзақ» (0,92%), үшінші орынға «Aqorda» бағдарламасы (0,68%) орналасты. Бұл жанрда Qazaqstan арнасы айқын басымдық танытып, алғашқы ондыққа бірден алты жобасын енгізді. Олар: «Желідегі тұзақ», «Aqorda», «Таза Қазақстан», «Қазір айтайық», «Ashyq alan/Ашық алаң» және «Qazaq creative». Сонымен қатар 24KZ арнасындағы «Елге қызмет» бағдарламасы да рейтингке еніп, қоғамдық-саяси бағыттағы сұранысқа ие жобалардың қатарынан көрінді.

Әзіл-сықақ бағдарламалары сегментінде Astana TV арнасындағы «Әзілің жарасса» бағдарламасы 0,94% рейтингпен бірінші орынға шықты. Екінші орынды 31 арнаның «31 әзіл» жобасы (0,75%), үшінші орынды КТК арнасындағы «Алдараспан…» бағдарламасы (0,71%) иеленді. Бірнеше телеарнаның бұл жанрда жоғары көрсеткіш көрсетуі отандық әзіл-сықақ жобаларына көрермен қызығушылығының тұрақты екенін дәлелдейді.

Өзге ойын-сауық бағдарламалары арасында Qazaqstan арнасындағы «Қайырлы кеш» бағдарламасы 1,01% рейтингпен көш бастады. Осылайша жоба кешкі отбасылық форматтарға көрермен қызығушылығының жоғары екенін тағы бір мәрте растады. Екінші орынға «Қызық екен…/Qyzyq eken…» (0,83%), үшінші орынға Бірінші арна Еуразиядағы QosLike бағдарламасы (0,58%) орналасты.

Музыкалық бағдарламалар сегментінде Qazaqstan арнасындағы «Сағындырған әндер-ай» концерті 0,61% рейтингпен бірінші орынға шықты. Одан кейін «Көңіл толқыны» (0,58%) және «Хабар» арнасындағы Cover show (0,49%) орналасты.

Телехикаялар сегментінде бұл аптада Qazaqstan арнасы көш бастады. Рейтингтің алғашқы екі сатысын «Бір үйдің балалары» (0,96%) және «Ыстық ұя» (0,91%) телехикаялары иеленді. Үшінші орынға Balapan арнасындағы «Немене» телехикаясы (0,86%) көтерілді. Алғашқы ондықта бірден жеті түрлі телеарнаның сериалдары болуы бұл сегменттегі бәсекенің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.

Кино сегментінде көшбасшылықты тағы да Astana TV сақтап қалды. Арна фильмдер рейтингіндегі алғашқы он орынның жетеуін, соның ішінде алғашқы жеті орынды толық иеленді. Аптаның ең жоғары көрсеткішіне «Вакцина от коррупции» фильмі қол жеткізіп, 1,78% рейтинг жинады. Екінші орынға «Ұялам, но үй алам» (1,08%), үшінші орынға «Ғашықпын саған» (0,99%) фильмі орналасты.

Перевод
Facebook
Instagram