Үздік 10 арна

Еуразия бірінші арнасы әдеттегідей алдына қара салмай келеді. Сондай-ақ өз позициясын да нығайтты. Осылайша нық сеніммен әрі жоғары көрсеткішпен тұғырдағы бірінші орынға жайғасты. Рейтингтер көрсетікіші де, телеөлшем деректері де көрермендердің осы арнаға аңсары ауып тұратынын анықтап берді.  Ал КТК 0,47%  көрсеткішпен екінші орынға тұрақтады. Одан сәл төмен рейтинг жинаған Qazaqstan (0,44%) үшінші орында. 31 арна мен НТК (0,39%) бірдей рейтинг жинады. «Хабар» телеарнасы осы санаттағы ондықты қортындылап тұр.

Үздік 10 жаңалықтар мен ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар

Еуразия бірінші арнасы өзінің жаңалықтар бағытындағы бағдарламаларының позициясын жақсылап қолға алған сияқты. Бұл әрине арна үшін оң нәтиже беріп отыр. Өйткені үздік ондықтағы  1, 3, 4 және 6 орындарға ие болуы үлкен еңбектің жемісі. Бұлар: бір күн барысында эфирге берілетін «Жаңалықтар» мен «Новости» жобалары және әр күн сайын кешкі уақытта көрерменмен қауышатын «Басты жаңалықтар» мен «Главные новости» қортынды шығарылымдары. Екінші орынға КТК арнасының жаңалықтары тұрақтады. Осы аптадағы бестікті 31 арнаның «Informburo» бағдарламасы қортындылады.  

Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалардың көшін әлі де Еуразия бірінші арнасы бастап тұрғанын айта кету керек.  Осы арнадан берілетін «Парламент онлайн» мен «Аналитика» жобаларын көрермендер үзбей көретінін аңғарамыз. Үшінші орынды Astana TV-дің «Sapar time» сараптамалық бағдарламасы иеленді. Сондай-ақ, Qazaqstan арнасынан сурдоаудармамен берілетін «Apta» мен «Таң 24KZ» бестіктің бел ортасынан табылды.  Qazsport ұсынған «Арнайы репортаж» бағдарламасы осы санаттағы ондықты жабады.

Үздік 10 ойын-сауық бағдарламасы

Qazaqstan  ұлттық арнасының көрермендері «Егіз лебіз» жобасын күтіп отырып тамашалайды десек әсіре айтпаған болар едік. Өйткені осы санатта ешкімді алдына оздырмай көш бастап келеді. Бұл аптада да бірінші орынға ие болды. Ал 31 арнаның әзіл-оспақ бағдарламалары бірден алғашқы ондықтың төрт жолағынан табылды. 5, 7, 8 және 9 орындар рейтинг бойынша осы арнаның еншісінде. Qazaqstan, Astana TV және Жетінші арна әзіл-сықақ бағдарламаларды көрерменіне үздіксіз ұсынып келеді.

Ал ойын-сауық жобаларының арасында бірінші орында Еуразия бірінші арнасының «QosLike» романтикалық ток-шоуы тұр. Жас та жасамыс та үзбей көретін бұл жобаның 7 маусымдағы шығарылымы жұма күні рейтингтің 1,89% үлесін жинаған. Осылайша НТК эфирінен берілетін «Бір болайық» пен КТК көрермендерінің сүйікті жобасы «Кел, шырқайық!» бағдарламасынан оқ бойы озып кеткен. НТК екінші, КТК үшінші орында. Ал Balapan баллаар аранасындағы «Тай-тай шоу» төртінші орынға тұрақтады.

Үздік 10 музыкалық және танымдық бағдарламалар

Qazaqstan ұлттық арнасы музыкалық бағдарламалардың санатында дәстүр бойынша  барлық бірінші орындарды өз қоржынына салды. Осылайша әрдайым танымал әншілердің  концерттерін эфирге беріп, еліміздегі бетке ұстар һәм жетекші концерттік залдармен серіктестік орнату арқылы телевизия саласындағы музыкалық Олимп шыңын бағындыруға болатынын дәлелдеді. Әдетте, көрермендердің дені демалыс күндерін теледидар алдында өткізеді. Тынығып, ми сергіту үшін музыкалық жобаларды тамашалайтыны да түсінікті. Осы аптаның рейтингтері де осыны айғақтайды. Өйткені бұл санаттағы үздік ондыққа енген 10 музыкалық бағдарламаның 7-і сенбі және жексенбі күндері эфирге беріліпті.   

Ал танымдық бағдарламалар тәуліктің кез келген уақытында көрерменін өзіне баурап алады. Алғашқы ондықта таңертеңгілік шоулар («Қайырлы таң, Қазақстан», «Таңшолпан») және түнгі шоулар («1001 түн») бар. Бұл санатта жеңімпаз жобалардың 50% -ы  Qazaqstan телеарнасының эфирінен берілгенін айта кету керек.

Үздік-10 әлеуметтік-экономикалық және басқа бағдарламалар

Еуразия бірінші арнасындағы «Koremiz» ток-шоуының танымалдылығы күннен күнге артып келе жатыр. Осы санаттағы бірінші орынды да ешкімге бермей келеді. Ал КТК-дағы «Дау-дамайсыз» жобасы екінші орында тұр. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Бұл күні еліміздің Мемлекеттік Туы салтанатты түрде көтерілді. Qazaqstan арнасының эфирінен берілген рәсімнің көрсетілімі көптеген көрермен жинаған. Осылайша бұл санатта Ұлттық арна үшінші орынға тұрақтады.  

Жоғарыда аталған санаттарға кірмеген басқа бағдарламалар арасында барлық он позиция Balapan балалар телеарнасы бағдарламалары мен жобаларының еншісінде қалды. Олардың арасында «Анаммен бірге», «Сиқырлы бөлме» бағдарламалары, «Қаһарман», «Мақтаншақ қыз» және т.б. анимациялық сериалдары бар.

Үздік 10 отандық телехикаялар мен фильмдер

Qazaqstan, КТК және Astana TV – арналары осы аптаның ішінде ең танымал сериалдарды көрермен назарына ұсынды. Бұл: «Сұңқар», «Аферисты», және «Ангел-хранитель» телехикаялары. Жазғы демалыста жүрген оқушылар өздерінің сүйікті Balapan арнасын арқылы сериалдар көруге де уақыт тауып жүргенін байқаймыз. Өйткені балалар арнасынан берілген «Көке» және «Теңбіл доп» хикаялары үздік ондықтың қатарына енген.   

Фильмдер санатында көшбасшылардың үштігі: Qazaqstan эфирінен шыққан «Жар – жар», Astana TV арнасынан берілген «Районы» және «Күшік құда – квартиранты». Бұл үш картина да сенбі күні эфирге берілді.  

Ал деректі фильмдердің ішінде Еуразия бірінші арнасы 8 маусым күні кешкісін ұсынған «Паутина» жобасы көптеген көрсеткіш жинап, өз санатында үздік атанды.

Үздік 10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар

Рейтингі өткен аптамен салыстырғанда сәл төмендесе де ресейлік «Поле чудес» шоуы көш бастап тұр. Осы бағдарламаны эфирге беріп отырған Еуразия бірінші арнасы бұл санатта бірінші орында. НТК эфирінен берілген «Уральские пельмени. Азбука» шоуы мен  31 арна ұсынған «Король лев» мультфильмі де ондықтың алдыңғы шебінде тұр.    

Түркия мен Ресей телехикаяларын еліміздің көптеген көрермені күтіп тамашалайтынын рейтингтер арқылы аңғаруға болады. Мәселен Astana TV арқылы берілетін «Осман-5», Еуразия бірінші арнасы көрсететін «Дельфин» және «Дельфин-2» жеңіс тұғырынан түспей келеді. Көрермен барлық үздік фильмдер мен телехикаяларды Еуразия бірінші арнасынан іздейтіні жасырын емес. Өйткені үздік ондықтағы бес жоба дәл осы арнаның эфирінен берілген.  

Перевод
Facebook
Instagram