Үздік 10 арна

Футбол, дәлірек айтсақ, UEFA Euro-2024 Кубогы еліміздегі басты спорт арнасын осы аптадағы көрсеткіш бойынша екінші орынға шығарды. Өткен аптада көрермендердің 13%-ға жуығы Kazsport арнасының алдынан табылған. Бұл біздің ТОП-10 арна арасындағы жалпы жағдайды айтарлықтай өзгертті деуге болады. Ал Еуразия бірінші арнасы әдеттегідей осы санаттағы бірінші орыннан түспей келеді. КТК Qazaqstan ұлттық арнасын бір сатыға төмен жылжытып, үшінші орынға тұрақтады. Осы айда отандық арналардың рейтингтері қалай құбылатынын, Еуропа кубогының көрсетілімі қорытынды көрсеткіштерді қай бағытқа өзгертетініне уақыт төреші. 

Үздік 10 жаңалықтар және ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар

Апта басында жаңалықтарға сусап қалған көрерменнің көп болғанын аңғарамыз. Өйткені Еуразия бірінші арнасындағы «Главные новости» мен КТК-ның ақпараттық шығарылымдарын көпшілік қауым дүйсенбі мен сейсенбі күні күтіп отырып көрген сыңайлы. Өйткені өзге  санаттағы бағдарламалармен салыстырғанда біз атаған арналардың жаңалықтары  жоғары рейтингтерге ие болған. Бұл елде болып жатқан оқиғалар мен өзекті сюжеттерге көрерменнің сұранысы артқанын айғақтайды.

Еуразия бірінші арнасының, Qazaqstan және Аstana tv арналарының сараптамалық  бағдарламалары яғни қорытынды шығарылымдары жұма, сенбі және жексенбі күндері көрермендерді көптеп жинаған. Сауатты, саяси сараптамалардың тұрақты көрермендері де 20:00-де теледидар алдынан табылды.

Үздік 10 ойын-сауық бағдарламасы

Еліміздегі қымбатты көрермендеріміз демалыс күндері апталық шолуларды ғана емес,  ойын-сауық және әзіл-оспақ шоуларын да керемет ынтамен тамашалайды. Арнайы уақыттарын бөліп, теледидар алдына жиналатынын рейтингтер айқындап тұр. Негізінен қызықты контентті көпшілік қауым Qazaqstan, КТК, НТК, Еуразия бірінші арнасы және 31 арналарынан іздейді. Танымал һәм көп қаралым жинайтындар арасында «Егіз лебіз», «Әзіл әлемі» және «Алдараспан» әзіл-сықақ бағдарламалары бар.

Өткен аптада КТК ұсынатын «Астарлы ақиқат» ток-шоуы бірінші орынға шығып, көштің басын бермей келе жатқан Еуразия бірінші арнасындағы «QosLike» жобасынан едәуір алдыға шығып кетті. Үшінші орында НТК эфирінен берілген «Бір болайық» бағдарламасы тұр.

Үздік 10 музыкалық және танымдық бағдарламалар

Жасыратыны жоқ көрермен теледидар алдына демалыс күндері көп жиналады. Осы аптада Qazaqstan арнасы берген «Көңіл толқыны» концерттік бағдарламалсы, КТК көрсеткен Мақпал Жүнісованың мерейтойлық кеші және Astana TV берген «МузАрт»  тобының шығармашылық кеші үздіктер қатарынан табылды.

Танымдық бағдарламалар жанрында тұғырдағы алғашқы орындарды Qazaqstan телеарнасы ұсынған «Таңшолпан», «Технократтар талқысы» және «1001 түн» бағдарламалары иеленді. Үздік ондықта ұлттық арнаның тағы екі бағдарламасы, сондай-ақ Jibek Joly, 24kz, Той Думан және Тұран ТВ арналарының эфирінен шыққан бағдарламалар бар.

Топ-10 әлеуметтік-экономикалық және басқа бағдарламалар

Телевизия ақпарат ұсынып, соңғы әрі өзекті жаңалықтарды ғана таратып қоймайды. Сондай-ақ ойын-сауық контентін беріп, қоғамда жиі талқыланып жүрген өткір әлеуметтік әрі маңызды мәселелерді де талқылайтын алаң. Осылайша көрерменге ой салар түрлі жобалар да телевизияда өте көп. Мәселен осы санатта заңнама, экономика және бизнес, сұхбаттар, саяси, аймақтық және әлеуметтік бағыттағы бағдарламаларды эфирге шығарады.

Соңғы бағдарламалардың қатарында Balapan балалар телеарнасынан берілген «Алдар көсе туралы ертегілер», «Су астындағы оқиға» анимациялық сериалдары және «Күлдір-бүлдір» мен «Ханталапай» атты жобалар бар. Үздік он бағдарламаның алтауы жексенбі күні яғни 23 маусым күні көрсетілген.

Үздік 10 отандық телехикаялар мен фильмдер

Отандық сериал өндірісінің сапына жаңадан қосылған хикаялар да топ жара бастады. Мәселен КТК көрсеткен «Акоча» сериалы бірден екінші орыннан табылды. Бірінші орынды дүйсенбі күні Qazaqstan арнасынан берілген «Сұңқар» иеленді. Ал үшінші орын Хабар арнасы көрсететін «Келінжан» сериалының еншісінде.

Astana TV, Almaty TV, 31 арна және Qazaqstan арналары көркем туындыларды сүйіп қарайтын кино сүйер қауымның назарын өздеріне бұра біледі. Біз атаған арналар өзара бәсекелес болғанымен сапалы картиналар ұсыну арқылы ондықтан ойып тұрып орын алып келе жатыр. Өткен аптада елордалық арна арқылы жексенбі күні көрсетілген «Ажырасам» атты комедия бірінші орынды иеленді.

Atameken Business телеарнасындағы «Qaz-brend: Жолдар бастауы» деректі фильмі 23 маусымда теледидар алдына ең көп көрермен жинай білді. Отандық өндірушілерді насихаттап, кәсіпкерлікті дамыту бағытында көрсетілген деректі жоба көптеген адамның қызығушылығын  тудырды.

Үздік 10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар

Ұзақ уақыт алдынан қара салмай алда келе жатқан Еуразия бірінші арнасындағы «Поле судес» шоуы шетелдік бағдарламалар санатында алғаш рет бірінші орыннан ысырылды. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені 18 маусым яғни сейсенбі күні Qazsport арнасында UEFA Euro-2024 Кубогының ойындары көрсетілді. Футбол додасының жалғасуына байланысты рейтингтің ондығында отандық спорт арнасы үш орынды қатар иеленді.

Осы аптада көш бастап келе жатқан шетелдік фильмдер мен сериалдар да сүрінді. Бұл жолы Astana TV арнасынан берілетін «Осман-5» түрік телехикаясы Qazaqstan арнасынан көрсетілген «Құрсаудағы қыз» атты түрік телехикаясына бірінші орынды берді. Ал одан кейінгі орындар Еуразия бірінші арнасы ұсынған «Худшая подруга» мен «Условный мент-4» сериалдарының еншісінде.

Перевод
Facebook
Instagram