ТОП-10 арна
КТК арнасының жалпы рейтингі төмендегендіктен, ол бірінші орнын Евразия бірінші арнасына беріп, екінші орынға жайғасты. Жетінші арна өз рейтингін сақтап, аптаның үздік үштігін түйіндеді.

ТОП-10 жаңалықтар және ақпараттық-талдамалық бағдарламалар
«КТК Жаңалықтары» рейтингі бойынша әлі де ең жоғары көрсеткішке ие болып отыр. Ол Евразия бірінші арнасының «Басты жаңалықтарын» артта қалдырды. 31 арна үшінші орынды берік сақтап тұр және «Informburo» бағдарламасымен одан да жоғары жетістіктерге жете алады.

Бұл апта 24 KZ арнасы үшін табысты болды – оның үш талдамалық бағдарламасы үздіктер қатарынан орын алды. Бұл – таңғы шоулар мен жексенбілік «Арнайы жоба» шығарылымы.

ТОП-10 ойын-сауық бағдарламалары
Юмористік бағдарламалардың ішінде бірінші орында – Жетінші арнаның «Әзіл әлемі театры». Qazaqstan арнасы 15 тамыз, жұма күні шыққан «Егіз лебіз» бағдарламасымен екінші орында. Үштікті Жетінші арнаның сенбілік «Әзілін жарасса» бағдарламасы түйіндейді.

Ойын-сауық шоулары ішінде ең жоғары рейтингке Qazaqstan арнасының «Тапқыр отбасы» бағдарламасы ие болды. Сондай-ақ бұл арна үшінші орынды «Қызық екен» бағдарламасымен иеленді. Ал екінші орында Жетінші арнаның «Қызықты Weekend» шоуы.

ТОП-10 музыкалық және танымдық бағдарламалар
Демалыс күнгі концерттік бағдарламалар жоғары рейтингтер жинады. Олар – Хабар мен Qazaqstan арналарының «Jan syrym», «Көңіл толқыны» және «Әсем әндер» концерттері.

Аптада Евразия бірінші арнасы, Qazaqstan және Хабар арналарының танымдық контенті үздік болды. Көрермендер таңғы шоуды, сенбілік «Замандастар» циклін және «Түрлі дәм» бағдарламасын таңдады.

ТОП-10 әлеуметтік-экономикалық және басқа бағдарламалар
Бұл санаттың тұрақты көшбасшысы – Евразия бірінші арнасының әлеуметтік ток-шоуы «Koremiz Show» тағы да бірінші орында. Одан кейінгі орындарда 24 KZ арнасының «Елге қызмет» және Qazaqstan арнасының «Ақорда» жобасы тұр.

Жоғарыда аталған санаттарға кірмейтін бағдарламалар ішінде алғашқы тоғыз орынды Balapan арнасының мультсериалдары мен бағдарламалары алды. Балаларға ең ұнағаны – «Алпамыс» мультфильмі.

ТОП-10 қазақстандық сериалдар мен фильмдер
Өткен сенбіде көрермендердің көбі сүйікті сериалдарын тамашалады – үздік үштіктің бәрі сол күні көрсетілді. Qazaqstan арнасы «Ақжауын-2» сериалын, Astana TV – «Өмір», ал Хабар – «Келінжан-4» сериалын ұсынды.

Фильмдер ішінде үздіктер – 31 арна мен Хабардың «Жаным сол-2», «Жар-Жар», «Жаным сол», «Ессіз ғашық» және «Маған назар аудар» комедиялары.

14 тамыз, бейсенбі күні Qazaqstan арнасы «Өрттен кейінгі өмір» деректі фильмін көрсетті, ол өз санатында ең жоғары рейтингке ие болды.

ТОП-10 шетелдік бағдарламалар, фильмдер мен сериалдар
Евразия бірінші арнасы шетелдік өндірістегі бағдарламалар мен шоулар бойынша көшбасшылықты сақтап отыр. Бұл аптада да «Поле чудес» пен «Модный приговор» алдыңғы қатарда болды. Үшінші орында – «Миллион за 5 минут» бағдарламасымен Мир арнасы.

Сериалдардың үздіктерін көрермендер КТК мен Жетінші арнадан тамашалады. Олар – ресейлік «Шеф. Мужская работа» және түрік сериалдары «Стамбұлдық қалыңдық» пен «1001 түн». Өткен аптамен салыстырғанда айтарлықтай өзгерістер болған жоқ, яғни сюжеттер қызықты өрілген!

Перевод
Facebook
Instagram