Қазақстанның ірі қалаларында тұратындардың жартысына жуығы күн сайын теледидар көреді
223 арна және медиатұтынудың 29%-ы: Алматыда отандық теледидардың болашағы талқыланды.

Қазақcтандықтар күніне орта есеппен 174 минут теледидар қарайды. Бұл туралы 5 қыркүйекте Алматыда өткен «Қазақстан теледидары. Жаңа шындық және мүмкіндіктер» атты конференцияда айтылды. Шараны Ұлттық медиа қауымдастығы (ҰМҚ) ұйымдастырды.

Конференция жұмысына қазақстандық медиа нарық өкілдері – жетекші телекомпаниялардың басшылары, жарнама және зерттеу агенттіктерінің мамандары, халықаралық сарапшылар, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты.

Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев құттықтау сөз сөйлеп, теледидардың елдегі медиакеңістіктің маңызды бөлігі болып қала беретінін және оның цифрлық платформалармен тығыз байланыста дамуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәстүрлі және онлайн-контенттің синергиясында қазақстандық медиа нарығы үшін жаңа мүмкіндіктер бар.

Конференция бағдарламасы үш негізгі блоктан тұрды. Алғашқысы – аналитик Фариза Меткенова таныстырған «Қазақстандағы телесмотрение. 2024 жылғы аудитория талдауы» атты есеп. ҰМҚ зерттеуі бойынша, Қазақстанның ірі қалаларындағы тұрғындардың 99%-ы 2024 жылы кем дегенде бір рет теледидар қосқан, ал 42%-ы оны күн сайын қараған. Цифрлық платформалардың өсуіне қарамастан, теледидар кең ауқымды қамтуын сақтап, негізгі жарнама алаңы болып отыр.

Қазіргі таңда елде 223 отандық телеарна жұмыс істейді. Негізгі жанрлар – сериалдар, фильмдер, ойын-сауық бағдарламалары және жаңалықтар. Теледидар медиатұтынудың үштен біріне жуық бөлігін иемденіп, аудиторияның сенімін және жарнама берушілердің назарын сақтап отыр.

Конференцияның екінші бөлімінде саладағы өзекті мәселелер, соның ішінде заңнамалық бастамалар талқыланды. Сөз сөйлегендер қатарында – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Анар Мұқатаева, Mosaic Agency коммуникациялық агенттігінің серіктесі Ғани Жарқынбаев, Орталық Азия Жарнама қауымдастығының атқарушы директоры Анна Тютькова, «МедиаНова» компаниясының бас директоры Валерий Маштаков болды.

Үшінші блокта халықаралық тәжірибені ескере отырып, ауылдық жерлерде телеөлшеуді енгізу мәселелері қарастырылды. Баяндамашылар қатарында TV Media Advertising Agency бірінші директорының орынбасары Олег Бородулин, TIAK (Түркия) басқарушы директорының орынбасары Akin Sahin, «Медиаскоп» АҚ атқарушы директоры Ксения Ачкасова, «K Research Central Asia» ЖШС ТВ және радио зерттеулер бағытындағы директоры Александр Емельянов, ҰМҚ Сараптамалық кеңесінің төрағасы, «31 арна» телерадиокомпаниясының зерттеу және даму жөніндегі атқарушы директоры Денис Альховский болды.

Конференция қорытындысы бойынша сарапшылар теледидар Қазақстанда цифрлық ортаға бейімделіп, өзгеріп келе жатқанын, сонымен қатар бірегей артықшылығын – кең аудиторияның сенімін сақтап қалғанын атап өтті.

Перевод
Facebook
Instagram