6 ақпанда Ұлттық Медиа Қауымдастығының алаңында телеарналар, сейлз-хаустар және OTT-платформалар (Over-the-Top — интернет арқылы бейнеконтент жеткізу сервистері) өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында қатысушылар медиатұтыну құрылымының қалай өзгеріп жатқанын, телевидение мен стримингтік сервистер арасындағы шекаралардың жойылып бара жатқанын, саланың контент мазмұны мен сапасына қатысты жауапкершілігін, сондай-ақ нарықтың өзара іс-қимыл орнатып, жаңа жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік беретін шешімдерді талқылады.

Талқылауға TV+, Uni-Q Group Ltd, Кинопоиск, Freedom Media, Alma TV, Bee TV, Birge TV, Megogo, Salem Entertainment, ИВИ, 100% Qazaqsha интернет-платформаларының, Qazaqstan, «Еуразия» Бірінші арнасы, 31 арна, КТК, телеарналарының, сондай-ақ сейлз-хаустар мен жарнама агенттіктерінің өкілдері қатысты.

«Бүгінде аудитория сұранысы мен ұсыныс құрылымы арасында айқын алшақтық бар екенін көріп отырмыз. Нарық деректеріне сәйкес, қазақстандық көрермендер ең алдымен сериалдарды — 43,7% және фильмдерді — 17,6% таңдайды, ал қазіргі ұсыныста сериалдардың үлесі 25,5%, фильмдердің үлесі 11,4% ғана. Бұл теңгерімсіздік телеарналар мен OTT-платформалар үшін контент өндіру, дистрибуция және монетизация модельдері аясында бірлескен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз — телевидение мен OTT-ті бір-біріне қарсы қою емес, аудитория мен контентке қатысты ортақ түсінік қалыптастыру», — деп атап өтті Ұлттық Медиа Қауымдастығының басшысы Кемелбек Ойшыбаев.
Қатысушылар сондай-ақ OTT-платформалар контентін теледидар эфирінде пайдалану мәселелерін, сериалдар мен фильмдер өндірісінің өсуінің продакшн нарығына әсерін, OTT-платформалардың жарнама нарығындағы орнын анықтауды, пираттық бейнеконтент таратушылармен күресті, сондай-ақ стриминг қызметтерінің аудиториясын тереңірек зерттеу қажеттілігін талқылады.
Талқылаудың негізгі өзегінде өндірістік шығындардың өсуі аясында жасалатын контент көлемінің айтарлықтай артуы, сондай-ақ индустрияның жобалардың мазмұны мен сапасына деген жауапкершілігі мәселелері болды.

«Бүгінде контенттің көлемі айтарлықтай көп өндіріледі, бұл сөзсіз нарыққа әсер етеді. Осы орайда нарық контент өндірісінің құнының шамадан тыс қымбаттауына жол бермеуі маңызды. Ол үшін сериалдар мен фильмдер жасау кезінде коллаборация мен кооперация мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Сонымен қатар жасалатын контенттің мазмұнына ерекше көңіл бөлу керек, себебі телеарналар мен OTT-платформалар тек таратушы ғана емес, көрерменге ықпал ететін белгілі бір инстшгитуттар болып табылады», — атап өтті Uni-Q Group Ltd. компаниясының (UnicoPlay онлайн-кинотеатры) бас директоры Тауан Мұхамедқали.
OTT-платформалардың деректерін, соның ішінде RPD (Return Path Data) деректерін телекөрілім бойынша қолданыстағы өлшемдермен интеграциялау мүмкіндігіне, сондай-ақ бұл үдерістердің ашық әрі тұрақты медиаорта қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылды.

«Біріншіден, барлық платформалар алғаш рет бас қосып, нарықты дамыту мәселелері бойынша пікір алмасуға мүмкіндік беретін осындай алаңның ұйымдастырылуын құптаймыз. OTT-платформалар арқылы арналарды тұтынатын телекөрермендердің аудиториясын зерттеу үшін деректер алмасу бөлігінде біз деректер ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз, алайда көрермен талғамын нақты түсіну үшін қандай деректер қажет екенін айқындау маңызды», – деп атап өтті «Яндекс.Плюс» Орталық Азия (Кинопоиск) компаниясының СЕО-сы Владимир Горбунов.
Кездесу қорытындысы бойынша медианарықтың одан әрі дамуы серіктестік тәсілді, бірлескен аналитиканы және контент, дистрибуция мен монетизация модельдері саласында келісілген шешімдер әзірлеуді талап ететіні атап өтілді.

