Қазақстанның қалалары мен ауылдары, 0+, 6+ аудиториясы

Шілденің екінші аптасында Qazsport көшбасшылық орнын сақтап қалды. Дегенмен көрермен үшін бәсеке айтарлықтай күшейді. Спорттық телеарна көрсеткіштері алдыңғы аптамен салыстырғанда сәл төмендегеніне қарамастан, 0,52% рейтингпен және 12,76% аудитория үлесімен бірінші орында қалды. Екінші орынға Astana TV (0,43%) көтеріліп, Жетінші арнаны (0,41%) үшінші орынға ығыстырды. Төртінші орында 31 арна (0,40%), ал КТК (0,39%), Бірінші Еуразия арнасы (0,36%) және Qazaqstan (0,36%) бір-бірінен аз ғана айырмашылықпен өзара тартысты жалғастыруда.

Жаңалықтар сегменті. Аптаның сөзсіз көшбасшысы КТК арнасындағы «Новости» бағдарламасы болып, оның рейтингі 1,30% болды. Одан кейін Qazaqstan арнасындағы «Ақпарат» (1,01%) пен 31 арнадағы «Informburo» (1,01%) орналасты. Төртінші орынды Бірінші Еуразия арнасындағы «Басты жаңалықтар» (0,99%) иеленді. Сонымен қатар 24KZ арнасындағы «Жаңалықтар» бағдарламасы 0,97% рейтингпен аптаның ең жоғары рейтинг жинаған жаңалықтар шығарылымдарының алғашқы бестігіне еніп, арнаның ақпараттық хабар таратудағы тұрақты позициясын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ақпараттық-талдамалық сегмент бұл аптада біршама ұстамды нәтижелер көрсеткенімен, түрлі телеарналардың кеңінен ұсынылғанын көрсетті. Көшбасшы атанған Atameken Business арнасындағы «Арнайы репортаж» бағдарламасы 0,14% рейтингке қол жеткізді. Кейінгі орындарды «Мир» арнасындағы «Специальный репортаж» (0,07%) және Atameken Business арнасындағы The Weekly Review (0,05%) иеленді. 24KZ және Хабар алғашқы ондықтағы тұрақты қатысуын сақтап қалды: 24KZ – «Іс жүзінде 24 KZ» және «Акценты» бағдарламаларымен, ал Хабар – «7 күн», «7 күн (қаз)» және «Қоғам пікірі» жобаларымен ұсынылды.

Әлеуметтік-экономикалық сегментте көшбасшылықты 24KZ арнасындағы «Интервью» бағдарламасы 0,63% рейтингпен иеленді. Екінші орында Бірінші Еуразия арнасындағы «Koremiz show» (0,61%), үшінші орында КТК арнасындағы «Было дело» (0,46%) орналасты. 24KZ аптаның басты кейіпкерлерінің біріне айналып, алғашқы ондыққа бірден үш жобасын – «Мейірім қамқорлық. Тең мүмкіндік», «На службе у народа» және «Сұхбат» бағдарламаларын енгізді.

Әзіл-сықақ сегментінде көшбасшы 31 арнадағы «31 әзіл» бағдарламасы болды (0,58%), ол Astana TV арнасындағы «Шымкент Show» жобасынан (0,55%) аз ғана басым түсті. Алғашқы бестікке сондай-ақ Jibek Joly, Almaty TV және КТК арналарының жобалары енді.

Өзге форматтағы ойын-сауық бағдарламалары арасында Astana TV арнасындағы «Musicom» бағдарламасы 1,21% рейтингпен көш бастап, аптаның ойын-сауық контенті арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірін көрсетті. Екінші орынды Бірінші Еуразия арнасындағы «QosLike» (0,73%), үшінші орынды Qazaqstan арнасындағы «Қайырлы кеш» (0,70%) иеленді.

Музыкалық сегментте Qazaqstan арнасындағы «МузАРТ 25 жыл. Концерт» бағдарламасы 1,03% рейтингпен бірінші орынға шықты. Одан кейін Astana TV арнасындағы «Ән мен әнші» (0,99%) және Qazaqstan арнасындағы «Біздің ән. Мирас пен Құралайдың шығармашылық ән кеші» (0,84%) орналасты. Qazaqstan алғашқы ондықтағы орындардың басым бөлігін иеленіп, ұлттық музыкалық контенттегі мықты позициясын тағы бір мәрте растады.

Телехикаялар сегментінде Astana TV өз көшбасшылығын сақтап қалды. Аптаның абсолютті көшбасшысы «Аппақ келін 2» телехикаясы болып, оның рейтингі 1,03% болды. Екінші орынды Qazaqstan арнасындағы «Бір үйдің балалары» (1,02%), ал үшінші орынды Astana TV арнасындағы «Зу-Зу Күләш» (0,97%) иеленді.

Киносегментте де Astana TV сөзсіз көшбасшылық танытты. Апталық рейтингтің алғашқы төрт орнын дәл осы арнаның фильмдері иеленді. Абсолютті көшбасшы – «Рэкетир. Новые времена» фильмі, оның рейтингі 1,42% болды. Жалпы Astana TV апталық фильмдер топ-10 тізіміндегі он орынның жетеуін иеленіп, кино көрсетілім стратегиясының тиімділігін және көрермендердің отандық киноға деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Перевод
Facebook
Instagram