Қазақстанның қалалары мен ауылдары, 0+, 6+ аудиториясы

Шілденің үшінші аптасы телевизия нарығында көшбасшының ауысуымен ерекшеленді. Бірінші орынға рейтингі 0,44% және аудитория үлесі 11,24% болған Бірінші Еуразия арнасы көтеріліп, рейтингтің көшін бастады. Astana TV екінші орнын сақтап қалды (0,43%; аудитория үлесі – 10,97%), ал өткен аптада көш бастаған Qazsport үшінші орынға түсті (0,42%; аудитория үлесі – 10,70%). Жетінші арна (0,36%) төртінші орынға жайғасса, бесінші орынды Qazaqstan (0,35%) иеленді.


Жаңалықтар сегментінде аптаның абсолютті көшбасшысы рейтингі 1,53% болған КТК арнасындағы «Новости» бағдарламасы атанды. Екінші орынды Qazaqstan арнасындағы «Ақпарат» бағдарламасы (1,47%) иеленді. Үшінші орынды 31 арнадағы Informburo мен Бірінші Еуразия арнасындағы «Главные новости» бағдарламалары бөлісті – әрқайсысының рейтингі 0,98%.

Ақпараттық-талдамалық сегмент бұрынғыдай жоғары көрсеткіштерге жете алмағанымен, эфирге шыққан арналардың әртүрлілігімен ерекшеленді. Көшбасшы атанған «Глобальные события» бағдарламасы Хабар арнасында 0,19% рейтинг жинады. Екінші орында «7 күн (қаз)» (0,16%), ал үшінші орында Atameken Business арнасындағы «Арнайы репортаж» (0,08%) орналасты. Хабар аптаның негізгі ақпараттық-талдамалық арнасы ретінде алғашқы ондыққа бірден төрт жобасын – «Глобальные события», «7 күн», «7 күн (қаз)» және «Қоғам пікірі» бағдарламаларын енгізді.

Әлеуметтік-экономикалық сегментте Astana TV арнасындағы «Қолтаңба» бағдарламасы 0,69% рейтингпен көш бастады. Екінші орынға Бірінші Еуразия арнасындағы «Koremiz show» (0,62%), үшінші орынға Qazaqstan арнасындағы «Қазір айтайық» (0,56%) шықты. 24KZ қоғамдық-саяси бағыттағы жетекші арналардың бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, алғашқы ондыққа «Мейірім қамқорлық. Тең мүмкіндік», «Alem Talk», «Халықтық конституция» және «Заң бойынша» жобаларын енгізді. Сондай-ақ рейтингке Хабар арнасындағы «Жұмыр жер» бағдарламасы да енді.

Әзіл-сықақ сегментінде Astana TV арнасындағы «Шымкент Show» бағдарламасы 1,15% рейтингпен айқын көшбасшы атанып, ең жақын бәсекелестерінен едәуір озық болды. Екінші орынды Almaty TV арнасындағы «Алдараспан…» жобасы (0,77%), үшінші орынды 31 арнадағы «31 әзіл» (0,46%) иеленді. Осылайша Astana TV ойын-сауық жанрындағы бағдарламалар арасында аптаның ең жоғары нәтижесін көрсетті.

Өзге ойын-сауық форматтары арасында Astana TV арнасындағы Musicom бағдарламасы 1,46% рейтингпен тағы да көш бастады және аптаның ең жоғары көрсеткіштерінің біріне қол жеткізді. Екінші орынды Бірінші Еуразия арнасындағы QosLike (0,90%) сақтап қалса, үшінші орынға Qazaqstan арнасындағы «Қызық екен…/Qyzyq eken…» бағдарламасы (0,76%) жайғасты. Сонымен қатар, 31 арна алғашқы ондыққа бірден төрт жобасын енгізіп, күнделікті ойын-сауық контентіндегі мықты позициясын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Музыкалық сегментте Qazaqstan арнасындағы «Abik Jeksen. Live концерт» 0,60% рейтингпен көш бастады. Одан кейін Almaty TV арнасындағы «Әндер мен жылдар» концерті (0,49%) және Qazaqstan арнасындағы «Сағындырған әндер-ай» концерті (0,47%) орналасты. Qazaqstan алғашқы ондықтағы орындардың басым бөлігін иеленіп, ұлттық музыкалық контенттегі көшбасшылық орнын сақтап қалды.

Сериалдар сегментінде Astana TV бұл аптада да көшбасшылық позициясын сақтап қалды. Рейтингтің алғашқы екі орнын «Зу-Зу Күләш» (1,45%) және «Аппақ келін 2» (1,17%) сериалдары иеленді. Үшінші орынға Бірінші Еуразия арнасындағы «Любовь сквозь время!» мелодрамасы (0,84%) шықты. Сонымен қатар, Жетінші арна алғашқы ондыққа үш сериалын енгізіп, отандық сериал өндірісіндегі позициясын нығайтты.

Киносегментте де Astana TV сөзсіз көшбасшы болды. Апталық фильмдер рейтингіндегі алғашқы жеті орынды осы арнаның көрсетілімдері иеленді. Абсолютті көшбасшы – «Ғашықпын саған» фильмі (1,61%). Екінші орында «Малай» (1,52%), үшінші орында «Ұялам, но үй алам» (0,91%) фильмі орналасты.

Перевод
Facebook
Instagram