Қазақстан қалалары мен ауылдары, 0+, 6+ аудиториясы

Тамыз айының алғашқы толық аптасында еліміздегі жетекші телеарналар арасындағы рейтингтік көрсеткіштер қайта өзгерді. КТК 0,35% рейтинг және 11,36% аудитория үлесімен бірінші орынға көтерілді. Екінші орында — Astana TV (0,33%; аудитория үлесі — 10,71%), үшінші орында — Жетінші арна (0,32%; 10,48%). Одан кейін Qazaqstan (0,29%; 9,44%), 31 арна (0,26%; 8,54%) және Еуразия бірінші арнасы (0,26%; 8,52%) орналасты.Алдыңғы аптада көш бастаған Жетінші арнаның орнына бұл жолы КТК келді. Дегенмен алғашқы үш телеарна арасындағы айырмашылық өте аз, яғни бәсеке әлі де жоғары деңгейде сақталып отыр.

Жаңалықтар сегменті. Аптаның жаңалықтар арасындағы көшбасшысы — «Еуразия бірінші арнасындағы «Главные новости» бағдарламасы. Оның рейтингі 1,70%-ды құрады. Екінші орында КТК-ның «Новости» бағдарламасы — 1,47%, үшінші орында Qazaqstan арнасындағы «Qazaqstan. Aqparat/Ақпарат» — 1,09%. Төртінші орынға 31 арнадағы Informburo (1,05%) жайғасты.

Ақпараттық-талдамалық сегмент. Ақпараттық-талдамалық бағдарламалар арасында Хабар арнасы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Бірінші орынды Qazaqstan арнасындағы «Apta/Апта» бағдарламасы 0,47% рейтингпен иеленді. Одан кейінгі екі орын Хабарға тиесілі: «7 күн (қаз)» — 0,14%, «Глобальные события» — 0,11%. Сонымен қатар үздік ондыққа арнаның тағы екі жобасы — «7 күн» (0,02%) және «Қоғам пікірі» (0,01%) енді. Осылайша, Хабар бұл сегменттің үздік ондығына бірден төрт жобасын енгізіп, алғашқы үштіктің екі орнын иеленді. 24KZ арнасы да «Қысқа-нұсқа» бағдарламасымен рейтингке енді.

Әлеуметтік-экономикалық сегмент. Әлеуметтік-экономикалық тақырыптағы бағдарламалар рейтингінде Qazaqstan арнасындағы «Әлем және біз» 0,80% көрсеткішімен көш бастады. Екінші орында — осы арнаның «Aqorda/Ақорда» бағдарламасы (0,73%), үшінші орында КТК-ның «Было дело» жобасы (0,55%). Qazaqstan бұл санатта айқын басымдық танытып, үздік ондыққа бірден бес бағдарламасын енгізді. 24KZ арнасы да қоғамдық маңызы бар тақырыптағы «Мейірім қамқорлық. Тең мүмкіндік» бағдарламасымен үздік ондыққа кіріп, 0,25% рейтингпен тоғызыншы орынға жайғасты.

Юмористік бағдарламалар. Юмористік жобалар арасында КТК арнасындағы «Алдараспан…» 0,78% рейтингпен бірінші орынға шықты. Екінші орында — Almaty TV арнасындағы «Алдараспан…» (0,62%), үшінші орында — Astana TV-дағы «Шымкент Шоу» (0,53%).

Ойын-сауық бағдарламалары. Өзге форматтағы ойын-сауық бағдарламалары арасында Balapan арнасындағы «Галактикадағы сайыс» 0,58% рейтингпен көш бастады. Екінші орында Qazaqstan арнасындағы «Қызық екен…/Qyzyq eken…» (0,57%), үшінші орында Jibek Joly арнасындағы «Дәмді Life» (0,53%).

Музыкалық сегмент. Музыкалық жобалар рейтингінде Qazaqstan арнасы көш бастады. Бірінші орынды «Мұзбалақ. Ұшқын Жамалбектің шығармашылық ән кеші» концерті 0,78% рейтингпен иеленді. Екінші орында — «Жарқын жүздесу. Концерт» (0,55%), үшінші орында Almaty TV арнасындағы «Әсем әуен» (0,54%). Хабар арнасы бұл сегментте екі жобасымен көрінді: «Жолдар, жолдар…» тоғызыншы орынға (0,21%), ал Cover show оныншы орынға (0,19%) орналасты.

Сериалдар сегменті. Сериалдар рейтингінде аптаның көшбасшысы — Astana TV арнасындағы «Зу-Зу Күлпәш». Жобаның рейтингі 1,04%-ды құрады. Екінші орында Qazaqstan арнасындағы «Сен қасымда болмасаң…» (0,98%), үшінші орында КТК-дағы «Дерт пен үміт» (0,73%). Хабар үздік ондыққа екі сериалын енгізді: «Келінжан» 0,43% рейтингпен жетінші орынға, ал «Бәсеке-2» 0,33% көрсеткішімен оныншы орынға жайғасты.

Кино сегменті. Кино көрсетілімдері бойынша Astana TV өзінің мықты позициясын тағы да дәлелдеді. Арна үздік ондықтағы алты орынды иеленді. Оның ішінде бірінші орынға «Қызым» фильмі 0,82% рейтингпен шықты. Екінші орында КТК арнасындағы «Ауылбайский участковый» (0,77%), үшінші орында Astana TV-дағы «Моя большая казахская семья» (0,61%).

Тамыз айының алғашқы толық аптасының басты нәтижесі — жалпы телеарналар рейтингіндегі көшбасшылықтың КТК-ға өтуі. Алайда алғашқы үштіктегі телеарналар арасындағы алшақтық өте аз болғандықтан, бәсеке әлі де жоғары деңгейде.Ал Хабар арнасы бағдарламаларының жанрлық ауқымы бойынша ерекше көзге түсті. Арнаның төрт жобасы ақпараттық-талдамалық бағдарламалардың үздік ондығына енді. Бұдан бөлек, Хабар юмор, ойын-сауық, музыка, сериал және кино сегменттерінде де өз жобаларымен көрінді.

Перевод
Facebook
Instagram