2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы жарнама нарығының жалпы көлемі 65,9 млрд теңгені құрады. Орталық Азия жарнама ассоциацияның (бұдан кейін ОАЖА) бағалауынша, оның 53%-ы интернетке, 24,4%-ы телевизияға, 19,4%-ы сыртқы жарнамаға, 2%-ы радиоға, 1,2%-ы баспасөзге тиесілі. Ақшалай есептегенде интернет-жарнама нарығының көлемі 34,93 млрд теңгеге, сыртқы жарнама 12,79 млрд теңгеге жеткен.
Аталған көрсеткіштер мен телевизия саласын одан әрі дамыту мәселелері 10 қыркүйекте Астанада өткен Ұлттық медиа ассоциацияның«Цифрлық бәсекелестік жағдайындағы телевизия: даму перспективалары» атты конференциясында талқыланды. Басқосуда телевизиялық контентті цифрлық платформалар арқылы тарату және түрлі экрандардағы аудиторияны ортақ өлшемдер негізінде бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Конференцияның ашылуында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов сөз сөйледі.
«Мемлекет үшін цифрлық трансформацияның отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға ықпал етіп, ұлттық контенттің аудиторияға қолжетімділігін арттыруы маңызды. Мемлекет пен медиа саласы арасындағы тұрақты диалог нақты шешімдер қабылдауға және Қазақстанның медиа нарығының бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Қанат Ысқақов.

Телеарналар мен жарнама берушілер алдында тұрған нақты міндеттер Ұлттық медиа ассоциацияның басшысы Кемелбек Ойшыбаев модераторлық еткен сессияда сөз болды.
«Телеарна үшін оның контентін барлық платформада қанша адамның көретінін білу маңызды. Ал жарнама беруші үшін жарнаманың қанша аудиторияны қамтығанын нақты түсіну қажет. Телевизия мен цифрлық платформалар аудиториясын бірыңғай тәсілмен өлшеу жарнамалық науқандарды тиімді жоспарлауға қажетті анағұрлым толық дерек береді», – деді Кемелбек Ойшыбаев.

ОАЖА Сарапшылар комиссиясының бағалауынша, телевизия ірі жарнама берушілер үшін маңызды жарнама алаңы ретіндегі орнын сақтап отыр. Банктер телеэфирді кең аудиторияға шығу үшін пайдаланса, маркетплейстер барынша жоғары қамтуға қол жеткізуге ұмтылады. Телевизиядағы белсенді жарнама берушілер қатарында күнделікті тұтынатын тауарлар, фармацевтикалық өнімдер мен алкогольсіз сусындар өндірушілері де бар.
Халықаралық тәжірибе телевизия саласының жаңа медиа ортаға бейімделуінің екі негізгі бағытын көрсетіп отыр. Оның біріншісі – контентті интернет арқылы кеңінен тарату, екіншісі – цифрлық сервистермен әріптестікті дамыту.
BBC-дің дистрибуция және бизнесті дамыту жөніндегі аға менеджері Надя Винокур Ұлыбританияның телевизия нарығындағы өзгерістерге тоқталып, Freely платформасының рөлі туралы баяндады. Ал Glance – Médiamétrie компаниясының коммерциялық директоры Симеон Мирзаянц 100-ден астам елдің аудиториясы туралы деректерге сүйене отырып, дәстүрлі телевизияны көру көрсеткішінің төмендеуі, стримингтік сервистер аудиториясының өсуі және хабар таратушылар арасындағы әріптестіктің жаңа үлгілері жөнінде айтты.



Қазақстандық телевизияның трансформациясына арналған пікірталасқа Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешенінің басқарушы директоры Р. Мурадян, Media Nova сейлс-хаусының басшысы В. Маштаков, K Research Central Asia компаниясының бас директоры Т. Старцева және басқа да сала өкілдері қатысты.
Конференция барысында аудиторияның цифрлық платформаларға ауысуы телеарналардан контент тарату аясын кеңейтуді, ал жарнама берушілерден жарнамалық науқандарды жоспарлаудың жаңа тәсілдерін енгізуді талап ететіні атап өтілді.
Сондықтан бүгінде медиа нарығының негізгі міндеттерінің бірі – телевизиялық контентті теледидардан ғана емес, өзге де цифрлық құрылғылар мен платформалардан көретін аудиторияны толық қамтып, оның жалпы көлемін нақты анықтауға мүмкіндік беретін бірыңғай өлшеу жүйесін қалыптастыру.

